CaspianLife, 5 шілде — Жайық өзенінің жағасындағы құм толтырылған қапшықтар бір апта ішінде жиналуы тиіс. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жедел штаб отырысында мәлімдеді. Қазіргі уақытта қала аумағындағы Жайық жағасы 16 учаскеге бөлініп, әр учаскеге жауаптылар бекітіліп, іске кіріскен.
Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
«Ендігі үлкен міндеттердің бірі – жасалған жұмыстарды қалпына келтіру және басты мақсат санитарлық тазалықты қамтамасыз ету туралы облыс әкімі тапсырма берген. Соған байланысты біздер қайтадан ұйымдастыру жасап, 16 учаскеге белгілеп отырмыз. Бұл негізгі бетондық жағажайларды, және қапшықтарды басқа да тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету. Бұл тек қапшықтарды алып тастау емес, тазалап-жуып дым болмағандай күйге жеткізу».
Қала тұрғындары мен еріктілер жағажайларды тазалауға белсенді түрде атсалысуда. Қазірдің өзінде 40-50 шақты ерікті «Жастар паркінен» бастап облыстық әкімдіктің ғимаратына дейінгі аралықты жинастырып, тазалап жатыр.
Абылай Құрметұлы, ерікті:
«Бұл жердегі негізгі мақсат – жастар арасындағы қоршаған ортаны таза ұстауды насихаттау. Біздер осы ақпаратты алдын-ала таратқаннан кейін жастардың келу құлшынысы жоғары. Жастар паркі Атырау облысындағы халық бос уақытын көп өткізетін орындардың бірі. Сондықтан бұл жерден бастауымыз тегін емес. Яғни біз осы жерді тазалау арқылы қаланың көркеюіне өз үлесімізді қосамыз.»
Еске салайық, жағаны тазалау жұмысын қалалық әкімдік бір ай бұрын бастап кетті. Оған он шақты компания жұмылдырылған.