CaspianLife, 5 шілде – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде маңызды мәселелерді көтерді. Ол сөзінде ШЫҰ-ның өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы рөлін атап өтті.
Президент өз сөзінде мынадай негізгі тақырыптарға тоқталды:
Аймақтық қауіпсіздік: Тоқаев терроризммен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күрес бойынша бірлескен іс-қимылдарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастық: Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық жобаларды қолдау арқылы ШЫҰ елдерінің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету қажеттігін айтты.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар: Тоқаев ШЫҰ аясында мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Климат өзгерісі: Қазақстан Президенті климаттық өзгерістерге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті және экологиялық жобаларды іске асыруда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, ШЫҰ-ның мүше мемлекеттері арасында диалог пен сенім деңгейін арттыру — тұрақты даму мен бейбітшілікке қол жеткізудің маңызды факторы болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
– Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті
– Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн.
– Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті
Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.