CaspianLife, 11 маусым — Атырау қаласында құрбандық шалатын 5 орын белгіленді. Олар Атырау-Орал трассасының бойындағы «Атырау ет орталығы», «Тума», » Асыл агро», «Қуаныш», «Адал» мал базары. Жуықта жергілікті әкімдік пен мешіт қызметкерлері құрбандық шалынатын жерлерді аралап, базар иелеріне орынды таза ұстау, қасапшылардың арнайы ҚМДБ ның семинарынан өтуі міндеттелетіндігі туралы айтты. Жәнемүмкіндік пайдаланып мал бағасын шарықтатып жібермеу керектігі де ескертілді. Мешіт имамдары құрбандық малының қалай таңдау қажеттігімен де бөлісті. Олардың сөзіше, жандықтың етін үшке бөлген абзал. Бір бөлігі үйге, екіншісі мұқтаж жанға, үшіншісін көрші-қолаңға таратуға болады. Немесе үй иесі етті толықтай өзіне алып қалып, ағайын-туысын асқа шақырса да қате емес.
Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің имамы Мұрат Мұстафаев:
Қой мен ешкі 1 жастан асу керек. Алайда осы жерде айта кететін нәрсе қой 1 жасқа жетпесе де алты айдан асқан семіз болса онда ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі малы міндетті түрде бір жастан асу керек. Ірі қара сиырға келер болсақ ол екі жастан асу керек. Түйе 5 жастан асу керек. Түйе мен сиырды 1 адам мен 7 адам арасында бірігіп шалса болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Сайтта Атырау облысы бойынша ұсақ малдың бағасы шамамен 45 мың теңге, ірі қара 450 мың теңгенің айналасында деп көрсетілген. Онлайн түрде де құрбан шалуға болады. Ол үшін сайтта құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аударасыз. Құрбандық шалынған соң оның фото және видеоесебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.