CaspianLife, 6 маусым — Шетелден әкелінген 60 тонна қызанақтан вирус табылып, кері қайтарылды.
Елге қатерлі азық-түлікті өткізбеуге жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Түркістан облысында зарарлы 60 тонна өнімді анықтады. Биыл қазақ-өзбек шекарасы арқылы шет мемлекеттерден 1 075 автокөлікке тиелген 15 637 тонна қызанақ импортталған.
⠀
Ал фитосанитария талабына сай келмейтін 8 көлікке тиелген 29,522 тонна қызанақ кері қайтарылды. Сонымен қатар, өнімнің жасырын зарар жұқтырғанын анықтау мақсатында шетелден әкелінген қызанақ, баялды, тәтті бұрыштың әрбір партиясына тиісті карантиндік фитосанитария сараптамасы жасалды. Нәтижесінде Түрікменстаннан әкелінген – 56,1 тонна, Өзбекстаннан – 4,2 тонна қызанақтан «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы» табылған.
⠀
Жалпы жыл басынан фитосанитариялық бақылау бекеттерінде талапқа сай келмейтін 497,624 тонна карантинге жатқызылған өнім кері қайтарылған.