CaspianLife, 30 мамыр — Атырау қаласындағы Алмалы ауылдық округіне қарасты 8 шаруашылықты округ орталығымен байланыстыратын жолды су шайып, шаруаларға қиындық келтіруде. Қазір жайылма суын Жайыққа кедергісіз қосу үшін уақытша салынған айналма жолды жыру жұмыстары жүргізілуде.
Жайық өзені Алмалы ауылын 3 жағынан қоршаған еді. Ауылды сақтап қалу үшін ұзындығы 9 шақырымдай бөгет тұрғызылып, күндіз түні күзет ұйымдастырылған. Сақтық шарасы әлі де күшінде. Бүгінде округке жауапты мекеме мен 50-ден астам сарбаз кезекшілік атқарады. Жалпы өзен бойындағы 17 елді мекеннің барлығында жауапты мекемелер белгіленген.
— Негізінен жаға бекіту жұмыстары толығымен аяқталды. Қоршау сенімді, ауылға қауіп жоқ. Жайық өзенінен шыққан жайылма су ауылдың айналасына таралды. Сондықтан жайылма суды Жайыққа қайта жіберу үшін бөгеттерді жырып жатырмыз,- деді нөмірі 16-20 учаскелерінің координаторы Нұржауған Төлеуова.
Тасқын кезінде Жайық өзені 113 учаскеге бөлініп, судан қорғану жұмыстары жүргізілді. Әлі де 24 гидробекетте судың деңгейі бақылауда тұр. Сәуір-мамыр айларында облыстың су басу қаупі жоғары елді мекендерді қоршап биіктігі 8-11 метр болатын 523 шақырым бөгет соғылды.
Алмалы ауылының айналасына 8,6 шақырым бөгет соғылды. Ауылда су деңгейі үнемі бақылауда, кезекшілер тәулік бойы жаға басында жүр.