CaspianLife, 28 мамыр — Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағынауданда су басқан үйлердің тұрғындары үшін салынатын 100 үйдің 48-інің іргетас құю жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы.
Атырау облысы құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынса, 20-сы жергілікті бюджет есебінен салынады.
– Бүгінде бетон төсеу жұмыстарымен қатар іргетас, монолит құю жұмыстары атқарылып жатыр. Мұнан соң тас қалау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін жергілікті жерде қажетті инертті материалдар мен құрылыс материалдары жеткілікті. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес, мердігер мекемелер жергілікті жерден болу керектігі айтылған.
Құрылыс алаңында экскаватор, автотиеуіш, автоаударғыш, автокран секілді басқа да техникалар жеткілікті. Қалған үйлердің құрылысы үшін жер телімдері бөлініп тұр, алдағы уақытта іске асады, — деді Ернар Анарбекұлы.
Құрылыс басқармасы бас маманының сөзінше, әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Жоба бойынша үй 5 бөлмеден тұрады. Оның ішінде, ас бөлмесі, екі жатын бөлмесі, қонақ бөлмесі мен санитарлық торап бөлмесі қарастырылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарына жұмыс күшін тарту бойынша лимит саны көбейтілген.
Құрылыс жұмыстарын «Орлан» ЖШС-гі, «Армандастар-Атырау» ЖШС-гі, «Казкомсервис» ЖШС-гі жүргізіп жатыр. Олардың әрқайсысында 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.