CaspianLife, 23 мамыр — Тасқыннан зардап шеккен құлсарылықтарға арналған үйлердің құрылысына дайындық басталды. Нысандар шаһардағы «Болашақ» мөлтек ауданында бой көтермек. Қазір құрылыс жобасы мемлекеттік сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Ал әзірге үш мердігер мекеменің жұмысшылары жерді тегістеуге кірісіп кетті. Үйлер «Қазақстан халқына» қорының есебінен салынбақ. Жоспар бойынша, құрылыс жұмысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов:
-Қазіргі таңда мына Құлсары қаласындағы Болашақ мөлтек ауданында тұрмыз. Осы жерде жоспарланғандай әу бастан 80 үйдің құрылысын жүргізу керек болдық. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен 100 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарға енгізілді. Өздеріңіз көріп тұрсыздар қазіргі таңда мынау мердігер тасын құю үшін тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үшеуі де қазіргі таңда осы 20 шақты техникамен қамтылып, қажетті жұмысшылармен жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар қазіргі таңда басталып, осы қыркүйектің аяғына дейін толықтай аяқталады деп жоспаралап отырмыз. Сонымен қатар, осы «Болашақ» мөлтек ауданы қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтылған, тек айта кететін бір жайт, бұл жерде жол жұмыстары енді басталып жатыр. Яғни, үй құрылысы біткенше көшеаралық жолдар да төселеді деп жоспарлап отырмыз.
ТЖ жөніндегі облыстық штаб өкілдерінің мәліметіне сенсек, әкімдік жаңа үйлердің су баспайтын қауіпсіз жерге салынуына баса назар аударып отыр. Және сапасын да мұқият қадағаламақ.