CaspianLife, 26 сәуір — Жылыой ауданының Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаев ТЖ кезіндегі халыққа көрсетіліп жатқан қызмет туралы айтып берді.
«Төтенше жағдай режимін пайдаланып, түрлі арандатушы деструктивті адамдар тобы пайда болды. Олар халық арасында теріс, жалған ақпараттар тарата бастады. Қоғамдық штаб қиын кезеңде елдің бірлігін сақтау және халыққа дұрыс ақпарат беру мақсатында құрылды.
Соңғы екі аптада 3000-нан астам адамды қабылдап, кеңестер бердік» деді Ерқұл Дәулетбаев.
Штаб құрамында заңгерлер, нотариус, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіпкерлер, белсенділер бар. Барлығы 17 адамнан тұратын штаб тасқыннан зардап шеккендерге құқықтық — консультациялық қызмет көрсетуде.
Қоғамдық штаб гуманитарлық көмекті төрт пункт арқылы таратуды, дәрі-дәрмекті сырқат адамдарға медициналық қызметкер арқылы жеткізіп отыру мәселесін де жолға қойған.