CaspianLife, 1 сәуір — 29 наурыз күні атыраулық еріктілер «Күшіміз бірлікте» акциясын бастаған болатын.
Тасқын судан зардап шегіп жатқан көршілес Ақтөбе облысына «Күшіміз бірлікте» акциясы аясында Атыраудан 8 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Қиын жағдайда қалған ақтөбеліктерге көмек жинау әлі де жалғасып жатыр.
Еріктілердің, қоғам белсенділерінің, жергілікті мәслихат депутаттарының, кәсіпкерлердің және Атырау қаласы тұрғындарының күшімен үш күннің ішінде жиналған 8 тонна азық-түлік, жеке гигиеналық заттары, киім, ая киім, дәрі-дәрмектер және басқа да қажетті тұрмыстық заттар тиелген екі ауыр жүк көлігі 1 сәуір күні сағат 9-да жолға шығып кетті.
Еске сала кетейік, 29 наурыз күні атыраулық еріктілер «Күшіміз бірлікте» акциясын бастады. Жылу жинау пункті Атырау қаласы, Студенттер даңғылы 29, №2 жатақханада орналасқан. Қазіргі уақытта аталған акцияға 100-ге жуық волонтер жұмылдырылған.