CaspianLife, 26 наурыз — Ақтөбе облысына Маңғыстаудан 52 адам, 5 техника мен 8 мотопомпа жіберілді. Қазір аудандарда жағдай қалыпты, дегенмен синоптиктер бүгін жаңбыр жауады деп ескертті.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірге ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов келді. Ол Темір ауданындағы жағдайды бақылауға барды.
— Маңғыстау облысынан барлығы 52 адамнан тұратын құтқару жасағы, 5 бірлік техника, 8 мотопомпа облысқа жіберілді. Олар авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады. Төтенше жағдайлар министрлігінің 20982 әскери бөлімінен 50 әскери қызметкер мен 4 бірлік техника Темір ауданы Шұбарқұдық елдімекеніне жетті, — деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында 5 үйге, 25 аулаға су кірген. Мұнда суды ағызу үшін жол жырылды. Ал Байғанин ауданында жағдай тұрақталды. Бірақ бүгін жаңбыр жаууы ықтимал.
— Байғанин ауданы бойынша жағдай қалыпты. Судың деңгейі қайтты. Кеше республикалық «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолының су өткізгіштері арқылы даланың суы Қарауылкелді ауылына өтіп, 9 аулаға су кірді. Үйлерге қауіп жоқ, арнайы жұмыс тобымен бірге түнде өзім барлық үйді аралап шықтым. Сағыз өзенінің деңгейі тағы да 1 метрге жуық көтерілген, — деді Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов.
Айта кетейік, кеше Ақтөбе облысының бірнеше ауданында қар суы ауылға кіріп, тұрғындарды әбігерге салды.