CaspianLife, 14 наурыз — Өткен жылдың тамыз айында әкесі мен кәмелетке толмаған қызы Атырау-Ақтөбе бағытындағы пойызға билет сатып алған. Вагон іші шаң, лас әрі су құбырын тот басқан болып шықты.
Орындарды ауыстыруды немесе оларды басқа вагонға ауыстыруды сұраған оларға ауысуға рұқсат бермеген. Содан кейін олар полиция шақырып, антисанитарлық жағдайды фото және видеоға түсіріп алған. Осы дәлелдер арқылы билет құнын қайтарып, моральдық шығын өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген.
«Сот талапкер мен оның кәмелетке толмаған баласының моральдық зардап шегу дәрежесін, сондай-ақ жауапкердің кінәсін ескере отырып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-нан моральдық шығынды өндіру туралы талапты қанағаттандырды», — делінген Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хабарламасында.
Жолаушылар пайдасына моральдық шығын үшін 100 мың теңге, сондай-ақ сот процесіне жұмсалған шығындарды өтеуге 200 мың теңге сомасы өндірілді. Жолаушылар лас вагонда болса да діттеген жеріне жеткізілгендіктен, сот билеттер құнын қайтару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.