CaspianLife, 18 қаңтар — Қалалық әкімдік «Жұлдыз-1» ықшам ауданындағы жер асты суының деңгейін төмендету үшін иглофильтрация әдісін қолдануда. Эксперименталды әдіс бойынша 40 шаршы метр жерге 20 иглофильтр 4 метр тереңдікке орнатылған. Жұмысқа жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, Нидерландыда шығарылған жабдықтар пайдаланылуда. Жалпы мұндай құрылғылар сағатына 90 текше метрге дейін суды соруға қауқарлы.
«Осы методымыз оң қорытынды берген жағдайда толығымен осы ықшам аудандағы проблемалық учаскелерде осындай жерасты суын сору жұмыстары жалғасатын болады. Тәулік бойы су сорылып, атқарылатын болады. Нәтижесі 2-3 күнде белгілі болады. Осы алынатын диаметрі 20 метр диаметрінде су төмендеу күтілуде. Әсерін берген жағдайда жұмыс жалғасын табады»,-деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Умаров.
Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат Қалиевтың айтуынша, бұл ықшам ауданнан жер 2007 жылы беріле бастады. Ол кезде мұндай проблема болмаған. Округ басшысының сөзінше, канализация жүйесін және жер асты суы мәселесін шешіп беру туралы 90-ға жуық ұжымдық арыз түскен. Айта кетейік, қазір облыс орталығына қарасты бірнеше ықшам ауданды орталық кәріз жүйесіне қосу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып жатыр. Әкімдіктегілер биыл жоба сараптамадан оң қорытындысын алып, қазынадан қаржы қаралса жұмысты бастап кетеміз деп отыр. Жұлдыздықтар мәселенің ушығып, өздеріне қауіп төне бастауы себепті осыдан бірнеше күн бұрын төтенше жағдай жариялауды талап етіп, жиналған еді. Олармен облыс, қала басшылары, кәсіби мамандар кездесіп, проблеманы талқылады. Содан кейін аймақ басшысы Серік Шәпкенов жиын өткізіп, жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма беріпті.