CaspianLife, 18 қаңтар — «Бизнес ашқым келеді, неден бастасам болады» деген сұрақтар жиі түседі. Осыған орай бүгін «Даму» қоры бірнеше негізгі қағидалар бойынша кеңес беруді жөн көрді. «Бизнес – білімнен басталады».
Ендеше:
1️-қадам: Білім. Айналыспақ болып отырған саладан хабарыңыз болуы керек. Интернеттен немесе ақылы-тегін өтетін курстардан кәсіпкерлік негіздері жайлы білім алыңыз. Өзіңізді қызықтырған бизнес саласы жайлы ақпарат жинаңыз. Нарықты зерттеңіз. Кәсібіңізге сұраныс бола ма, бәсекелестеріңіз көп пе – бәрі маңызды.
2️-қадам. Сауатты бизнес-жоспар. Бұрын жасап көрмеген, хабарыңыз жоқ болса damu.kz сайтындағы «Пайдалы ақпараттар» бөлімінен дайын бизнес-жоспар үлгілерін қарап, танысуға болады. Дұрыс жасалған бизнес-жоспар сізге грант байқауына қатысу немесе мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңіл несие алуыңызға да үлкен септігін тигізбек.
3️-қадам. Қаржы. Кез келген бизнесті бастау үшін қаржы керек екені бесенеден белгілі. Бизнеске қаржы салудың 3 жолы бар. Азамат өзі ақша жинайды. Грант ұтып алуға тырысады немесе банктен несие алуға жүгінеді. Грант арқылы қаржыландыру байқауын Облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік басқармалары жариялап, өткізеді. Мәліметтерді өз облыс әкімдігіңіздің сайтынан қадағалап отырып, байқау жарияланғанда құжат өткізу керек. Ал несие – үлкен жауапкершілік. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін оның жүгі екі есе. Істен нәтиже шықпай бизнес жабылып қалғанмен, қарыз мойында қалады. Қарыз аларда жеті рет өлшеп, бір кесуді естен шығармаңыз.
4️-қадам. Заңды тіркелу. Шағын кәсіп ашу үшін ЖК тіркеу жеткілікті. Оны қазір үйден шықпай-ақ elicense.kz порталы арқылы жасауға болады. Тегін, бір күннен аспайтын уақыт кетеді.
5️-қадам. Жарнама, насихат. Белді бекем буып бизнес аштыңыз делік. Бизнес процестермен ғана айналысып, жарнаманы естен шығарып алмаңыз. Арнайы сайттар немесе әлеуметтік желілер арқылы, сауатты контент көмегімен тауар/қызметіңізді насихаттауды бір сәтке тоқтатпаңыз. Есіңізде болсын, сіздің шығаратын өнім немесе ұсынатын қызметіңіз жайлы неғұрлым көп адам білген сайын, табысыңыз да еселене түспек.