CaspianLife, 17 қаңтар — Қашаған кен орнының операторлары құны 5 млрд. доллар болатын дауды реттеуге жақын. Мұндай мәліметті Bloomberg ақпараттық порталы жазды. Яғни Eni, Shell, Exxon Mobil, Total және өзгелері қазақ билігімен келісім жобасын әзірлеген. Оған сәйкес алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға 110 млн доллар қаражат бөлінбек. Келісімнің соңғы нұсқасында кен орнын игеруші операторды күкірт көлемін азайтуға міндеттеу туралы норма да бар. Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан билігі Қашағанды игеруші North Caspian Operating Companyдың күкіртті қоршаған ортаға шамадан тыс шығарғанын алға тартып, халықаралық соттан 2,3 трлн. теңге (шамамен $5 млрд) көлемінде айыппұл салуды талап еткен. Сот процесі әлі біткен жоқ. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 қаңтар күні Италия мемлекетіне ресми жұмыс сапарымен барады. Жоспар бойынша ол инвесторлармен кездесіп, екі ел арасындағы инвестиция тақырыбын талқылайтын дөңгелек үстелге төрағалық етпек.
Қазақстан билігі әзірге мақаладағы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Атыраудан 80 шақырым жерде, Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнын 2016 жылдан бері North Caspian Operating Company консорциумы игеріп жатыр. Консорциум құрамында америкалық Shell, Exxon Mobil, өзіміздің «ҚазМұнайГаз», европалық Eni және Total компаниялары бар. Ресми дерек Қашағандағы кен қоры – 4,8 млрд тонна десе, жоба операторы теңіз түбінде 6 млрд тонна мұнай-газ бар дейді.