CaspianLife, 16 қаңтар — Маңғыстау облысының аумағына 700 мың гектардан астам жер қосылды. Бұрын өңірдің аумағы 16,5 миллион гектар болса, енді оған Каспий теңізіндегі аумақтық сулар ені бойынша бастапқы сызық арасындағы жерлер енгізілуі себепті 17 миллион 300 мың гектарға жетті. Үкімет «Маңғыстау облысының шекарасын өзгерту туралы» қаулыға қол қойды.
«Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізі акваториясының бастапқы сызығы арасындағы жалпы алаңы 721 940 гектар жерді облыс аумағына қосу арқылы Маңғыстау облысының шекарасы өзгертілсін», – делінген қаулыда. Мамандардың айтуынша бұл өзгерістің Қазақстанның әлдеқашан бекітілген шекарасына еш әсері жоқ, өйткені қосылған участок еліміздің су қоры санатындағы жерге жатады. Және «теңіз жағалауының кеңеюі аймақ туризмін дамытып, өңірге қосымша инвестиция тартуға мүмкін бермек», — дейді олар. Үкімет қаулысы күшіне енгеннен кейін бұл учаскелер облыстың жер резервіне енгізілетін болады. Сондай-ақ Ақтау қаласында, Қарақия және Түпқараған ауданында теңіз жағалауын бөлу жұмысы жасалады.
«Каспий теңізінің жан-жағында орналасқан бес мемлекеттің бір де бір шекарасы осы Каспийге өтпеген. Осыған байланысты Каспий жағалауындағы бастапқы сызық және теңіздің 15 миліне дейінгі аралықты мемлекет шекарасына байланысты әбден болады. Сол себепті біз қазіргі таңда осы бастапқы сызықты қосып алып жатырмыз. Бұл өз кезегінде өңіріміздің экономикалық дамуына және туризмді дамытуға сонымен қатар, бюджеттің түсімдерін көбейтуге, кез-келген теңіз жағалауына салынатын объектілерді заңды түрде жүзеге асыруға негіз болып табылады», —деді Маңғыстау облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының м.а Батырбек Тәжімұқанов.