CaspianLife, 11 қаңтар — Маңғыстаудағы Қаракөл көлін зерттеген мамандар мен жауаптылар брифинг өткізіп, айдындағы аққулардың қырылуы – табиғат заңы деді бірауыздан. Яғни, иммунитеті әлсіз су құстары құс тұмауын көтере алмай өліп, табиғи жолмен сұрыптау процесінен өтіп жатқан көрінеді. «Бұл аурудан басқа жыл құстары неге өлмеген?» деген сұраққа тәуелсіз сарапшылар аққу құс тұмауына бейім болып келеді деп жауап қатты. Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазиннің айтуынша, құс тұмауы былтыр 74 елде анықталған. Қаракөлдегі аққулар солармен байланысқан немесе сол жақтан ұшып келген болуы мүмкін. Қазіргі таңда 870 аққудың өлгендігі анықталды. 90 пайызы көгілдір. Алматыдан арнайы шақырылған орнитологтар су мен топарықтан 18 түрлі сынама алып, санақ жұмыстарын жүргізген. Олардың айтқанына сенсек, Қаракөлге келген 87 мың құстың жартысы аққу. Құс төресінің жаппай қырылуына «Риксос» қонақ үйінің қатысы жоқ көрінеді. Мамандар судан сынама алып, олардың ешқандай нормативті бұзбағанына көз жеткізіпті. Қонақ үй басшылығы да қалдық суды Қаракөлге бірден төге салмаймыз дейді.
«Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің бас менеджері Серік Исағалиев:
-Біздің өзіміздің КОС системамыз бар. Автономды түрде жұмыс жасаймыз. Отельден шыққан лас суларды бактериялармен өндіріп, фильтарциядан өткізіп, сосын тазарған суды Қаракөлге жібереміз. Мемлекеттік құзырлы органдардан рұқсатымыз бар, лиценциямыз бар. Біз әр квартал сайын өзіміз анализ, лабораторный анализдерді жүргізіп тұрамыз, -деді.
Ал, құс тұмауының адам үшін қаупі жоқ. Алайда, үй құстарына жұғуы мүмкін. Сондықтан, эпидемиолог оларға екпе салу керек дегенді айтты. Жауаптылар әлеуметтік желі қолданушыларының «аққулар аштан қырылып жатыр» деген пікірін де жоққа шығарды. Құстардың Қаракөлге қонып-тұрақтауының өзі — онда қоректің бар екенінің айғағы, — деді олар.