CaspianLife, 24 желтоқсан — Олар Ақжар-2 ықшамауданында орналасқан «Ақжелкен», А.Байтұрсынов көшесіндегі «Болашақ» және Белинский көшесіндегі «Бәйтерек» балабақшалары. Әрқайсының сыйымдылығы 290 орынға арналған. Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов «Ақжелкен» бөбекжайының ашылу салтанатына қатысып, балаларға сапалы білім мен ұлттық тәрбие беретін жобалар алға қарай да жалғасатынын айтты.
— Бүгін тағы да қуанышты сәт. Бүгін балаларымыздың игілігі үшін салынған тағы бір балабақша ашылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты жағдай жасау үшін балабақша мен мектептердің санын көбейтуді тапсырды. Біз қазіргі таңда облыстағы балабақша санын көбейтіп жатырмыз. Алдағы бес жылда 2-6 жасқа арналған 8000-ға жуық орындық бөбекжай салуды жоспарлап отырмыз. Осында тәлім алған тәрбиеленушілер еліміздің мақтанышына айналсын деген тілек білдіремін. Бүгінгі ашылған балабақша берекелі болсын!-деді С.Шәпкенов.
Балабақшада асхана, жатын бөлме, ойын, мұғалімдер бөлмесі, сондай-ақ логопед және психолог бөлмелері, спорт залы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Асханадағы тағамдар санитарлық талапқа сай бөлек тоңазытқыштарда сақталады. Ал дәрігер бөлмесінде балаларға алғашқы көмек көрсетуге қажет дәрі-дәрмектің бәрі бар.
Әр балабақшада 26 қызметкер жұмыспен қамтылды. Балалар кіші және үлкен топтардан құралған 12 топқа бөлінеді.
Ал тәрбиеленушілерді қабылдау желтоқсан айынан бастап indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында барлығы 870 орындық үш балабақша ашылды. Жыл аяғына дейін тағы да 890 баланы қамтитын үш балабақша ашылып, қажеттілік 15,2 пайызға азаяды.