CaspianLife, 23 желтоқсан — Атырауда республикалық маңызы бар тас жолда екі көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты. Жүргізушілердің бірі 6 сағат бұрын жылдамдықты асырып, жауапқа тартылған болып шықты.
Оқиға 22 желтоқсан күні сағат 20:00 шамасында Астрахань-Ақтөбе тас жолының 513-514 шақырым тұсында болған.
Toyota Avalon және Ваз 2114 автокөліктері соқтығысып, Ваз 2114 автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. Қазіргі тиісті іс-құжаттар жинақталуда.
Айта кетейік, Toyota Avalon маркалы автокөлік жүргізушісіне Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 22 желтоқсан күні сағат 15:00 шамасында ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабының 1-бөлігімен, яғни тас жолдағы көлік жылдамдығын асырғаны үшін әкімшілік хаттама жасақтаған. Сондай-ақ, Toyota Avalon автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі бұған дейін ҚР ӘҚБтК 592-бабының 1,3,4-бөлігі, 593-баптың 1,3-бөлігі, 600-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірнеше рет ескерту алған.