Құлсары қаласындағы автожолдар, «Астрахань-Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Астрахань» трассалары мен аудандардағы ауылішілік көшелер. Аманат партиясының депутаттары өңірде жол салу жұмыстарының кестеден кешігіп жатқандығын айтып, жиналыс өткізді. Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары да онлайн режимде қатысып, пікірлерін айтты. Олардың кейбірі жол құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр десе, енді бірі бар жолдан айрылып қалдық деп налиды. Мұны депутаттар да қостап отыр.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты
— Бізде облыстық маңызы бар Ганюшкино-Приморье-Котяевтің өзі 29 шақырым учаскесі бар. 2018 жылы басталды. Күні бүгін бес жыл болып отыр. Астыңғы қабаты төселіп, аяқталмаған нысанға қазіргі таңда көлік қозғалысына рұқсат берілді. Асфальттің үстіңгі жабынды қабатының болмауына байланысты ақау пайда болуда. Біздер бір нәрсені бастаймыз, аяқтамаймыз. Қазіргі күні барымыздан айрылып отырмыз. Ауылішілік жолдардың ішінде күні бүгін қырып тастайды да, саз төсейді. Жаңбырлы күні жүру мүмкін емес.
Жол салу жұмысының кестеден кешігуіне бірден-бір себеп – жобаға түзетудің жиі енгізілуі. Атқамінерлердің айтуынша, бұл қарқынмен жүре берсек алдағы 3-4 жылдың ішінде өңірдегі жағдайы жақсы саналатын жолдардың үлесін 100 пайызға жеткізу қиын.
Жиында облысты газ және сумен қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Атап айтсақ, Құрманғазыдағы Қошалақ ауылын ауыз сумен қамту үшін қажетті жобалық-сметалық құжат жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен бірге, аймақтағы қала халқын сумен қамтамасыз ету үлесін 90 пайызға дейін жеткізу көзделген. Ал, газ мәселесіне келетін болсақ, Атырау қаласының оң жағалауына газ тарату стансасын салу жұмысы да көпке ұзамай басталмақ, дейді жауаптылар.