Мақатта 11 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істеп жүргені анықталды. Бұл туралы аудан әкімі жанынан құрылған құқық бұзушылықтың алдын алу комиссиясының отырысында белгілі болды.
Жалған диплом пайдаланғандардың 8-і балабақшада тәрбиеші болса, 3-еуі мектепте мұғалім. Тіпті балабақша меңгерушілерінің кейбірі қарауындағы қызметкердің дипломы жалған екенін жасыруға тырысқан.
Енді 2 тәрбиеші тағы да 4 миллион теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтаруы тиіс. Ал біреуінің ісі әзірге күмәнді болғандықтан, қосымша дәлел жиналуда.
Айбол ДОЛДАШЕВ, Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы
— Бұл қызметкерлер жұмыстан шығарылған. Сондықтан, қазіргі таңда жұмыссыз болуына байланысты қаражатты қайтара алмай отыр. Енді ол бойынша «Шапағат» балабақшасының меңгерушісіне тапсырма берілді, сотқа талап арыз беруге. Қалғаны сот арқылы шешіледі.
Сондай-ақ, прокурорлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге жуық несие алған 2 маманның жұмыстан шығып кеткенін анықтаған. Қазір ақшаны қазынаға қайтару мақсатында жұмыс жасалып жатыр. Жалпы аудан бойынша 29 маманға 50 млн теңге несие берілген. Оны ай сайын төлеуді кешіктіріп отырғандар да бар.
Жиналыс соңында комиссия мүшелері несиені қайтарудан жалтарған тұлғаларға қатысты сотқа арыз жолдау туралы шешім қабылдады.