Жылжымалы бригада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне ата-анасының келісімімен қызылша, қызамық, паротитке қарсы екпе салынады. Мұндай ақпаратты өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.
Сондай-ақ вакцина медициналық мекемелердегі екпе кабинеттерінде де егіледі. Күні кеше өңірге жеткізілген 20 мың доза екпе қала мен аудандарға таратылған. Мамандардың айтуынша, сәбиге екпе салу үшін ол 6 айға толу керек.
Биыл наурыз айынан бері облыста 1300-ден астам атыраулық қызылша жұқтырған. Оның 60 пайызға жуығы екпе алмаған. Ауру балалардың арасында өршіп тұр. Әсіресе, 5 жасқа толмаған кішкентайлардың иммунитеті инфекцияға төтеп бере алмай тұр. Қазір облыстағы инфекциялық ауруханада 76 науқас ем алып жатыр.