Шәкір Кейкин Нұрсая ықшамауданындағы Т.Жұмағалиев көшесіндегі аяқсыз қалған асфальт жұмыстары толығымен іске қосылса, Ғабдиев көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылығындағы кептелісті азайтатынын айтты.
Бүгін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин Т.Жұмағалиев көшесінде аяқсыз қалған 100 метрдей жолға жөндеу жүргізетін мердігер «Қазахдорстрои» ЖШС мекемесі және жауапты бөлім басшысымен кездесті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Қала тұрғындарының әлеуметтік желі арқылы жолдың сапасына, салынуына байланысты жолдап жүрген ұсыныстары назарымыздан тыс қалған емес. Сол жоспарға еңгізген жолдардың бірі — Таумыш Жұмағалиев көшесіндегі 100 метрдей үзік жол. Екі жолдың қосылмауы тұрғындар тарапынан да наразылық тудырғаны үшін аппараттық жиында жауапты бөлім басшыларына тапсырма берген болатынмын. Бұл жол қаламыздағы маңызды жолдардың бірі. Себебі Әбілқайыр хан даңғылындағы Ғабдиев және Мәденов көшелеріндегі кептелістің азайуына үлесін қосады. Ертең, 27 қарашадан бастап бұл көшеге көктемге дейін жолдың астыңғы қабаты төселетін болады, — деді Шәкір Кейкин.
Жұмыстың басталуын қадағалауда ұстау үшін қала әкімі қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Сәрсеновке және «Қазахдорстрои» ЖШС мекемесіне тегістеу жұмыстарын арнайы автогрейдер техникасымен бастауға тапсырма берді.