Күн райы бұзылысымен коммуналдық қызметкерлердің жұмысының да көбейе түсетіндігі белгілі. Синоптиктерден қолайсыз ауа райы туралы хабар ала салысымен жедел іске кірісетін олардың басты міндеті – көлік және жаяу жүргінші жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Көпір үстіне және өзге де жерлерге реагент, құм мен тұз сеуіп, қозғалыстың тоқтамауына мүмкіндік жасайды. Осындай қара жұмысқа жауапты – «Арнаулы автобаза» мекемесінің басшылығы қысқа әзірміз дейді. Қажет болған жағдайда жол тазалайтын 45 техника, 400 тонна тұз бен құм дайын тұрған көрінеді.
Биыл ақпанда күні-түні жапалақтап жауып, тіршілікті тұралатып тастаған қар қала билігіне сабақ болған сыңайлы. Шаһар басшысы қысқа дайындықты ерте бастады. Қыркүйекте қала әкімі Шәкір Кейін өңірдегі ірі мекемелердің басшыларын жинап алып, меморандумға қол қойды.
Бизнесмендер жыл басындағыдай қалың қар жауа қалса, техникамен көмектесеміз деп уәде етті. Ал желтоқсандағы күн райын болжаған метеорологтар орташа температура -1,7 мен -6,2 градус аралығында болады дейді. Жауын-шашын да қалыпты мөлшерде түспек. Желдің жылдамдығы әдеттегідей секундына 15-20 м/с болуы ықтимал.