22-қарашада Атырау облысында күн райы бұзылады. Аймақтың батысында, солтүстігінде нөсер жауып, қар түседі, арты көктайғаққа ұласады. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20, кей жерлерде 25 метрге дейін жетпек, — деп хабарлайды Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Сондықтан құтқарушылар жолға шыққанда, көшеде жүргенде абай болу керектігін ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қараша күні облыс аумағында екпіні секундына 23-28 метрге дейін жеткен жел соғып, ғимараттардың шатырын, ағаштарды қаңбақша ұшырып, айналаға қауіп төндірген еді. Дегенмен құтқарушылар жұлынып түскелі тұрған конструкцияларды бекітіп, бүлінгендерін алып тастап, жедел әрекет етті. Абырой болғанда зақым алғандар жоқ. Қазір де мамандар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, кез-келген жағдайға дайын отыр.