CaspianLife, 31 қазан — Эхинококкоз тек ауруханада емделеді және ешқандай халық емі көмектеспейді. Ал ем шаралары неғұрлым ерте басталса, аурудан тез жазылу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.
Бұл туралы Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭҚБ) инфекциялық және паразитариялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиева айтты. Оның сөзінше, облыс аумағында соңғы екі жылда эхинококкоз ауруы көбейген. Осы жылдың тоғыз айында тоғыз жағдай тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 3 бала ауруға шалдыққан. Ал өткен жылдың осы кезеңінде облыста 6 жағдай тіркелсе, 14 жасқа дейінгі 1 бала дерт жұқтырған.
— Аурудың негізгі көзі – иттер, мысықтар, сирек жағдайда төбет тұқымдас жабайы жануарлар (қасқыр, шибөрі, сілеусін). Олар эхинококкозбен ауырған үй және жабайы жануарларды жеу кезінде ауруды жұқтырады. Эхинококкоздың клиникалық көрінісі эхинококты сары сулы ісіктің (бауыр, өкпе, көкбауыр және т.б.) орналасуына және аурудың ағымына байланысты. Бауыр эхинококкозы кезінде науқастардың жұмысқа қабілеті төмендейді, жалпы әлсіздік, бас ауруы, бауырдың ұлғаюы, оң жақ қабырға астындағы ауырсыну және ауырлық байқалады. Өкпе эхинококкозы кезінде тоқтаусыз жөтел, қан түкіру, кеуде тұсының ауыруы пайда болып, өкпеде сырылдар пайда болады», — дейді Ж.Өтепқалиева.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мидың, бүйректің, көкбауырдың, кіші жамбастың және басқа мүшелердің эхинококкозының клиникалық көрінісі осы органдардың ауқымды зақымдануымен байқалатын ауру белгілеріне ұқсас. Көп жағдайда эхинококкок ісіктері әдеттегі медициналық тексерулер немесе басқа шағымдар кезінде анықталады. Жұқтырған сәттен бастап алғашқы белгілердің пайда болуына дейін кем дегенде жарты жыл, кейде 3 жылдан 10 жылға дейін өтуі мүмкін.
«Эхинококкозды емдеу тек стационарда ғана жүргізіледі, оған ешқандай халық емі көмектеспейді. Ал емдеу неғұрлым ерте басталса, аурудан тез жазылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан мамандар аурудың белгілері білінген бойда дереу дәрігерге қаралу керектігін айтады.