CaspianLife, 18 тамыз — Атырау қалалық кітапханасында жазушы-журналист Айболсын Елеусіновтің «Ғұмыр дастан» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Шараға автордың жұбайы, ұрпақтары мен замандастары, кітапхана қызметкерлері қатысты. 100 данамен басылып шыққан кітаптың 10-ы Атырау қалалық кітапханаға сыйға берілді.
«Ғұмыр дастан» кітабында Айболсын Елеусіновтың көзі тірі кезінде жазған күнделіктері, жазбалары мен шағын материалдары жинақталған. Қаламгердің жұбайы Роза Қарақызының сөзінше, әлі күнге автордың іздеушісі, оқырманы бар.
Роза ҚАРАҚЫЗЫ, қаламгердің жұбайы
«Тағы да қалған жинақтары бар екен, шығармалары бар екен. Соны енді мына ұрпаққа естелік болып қалсыншы, әр жерде шашылып, отқа жанып кетпесінші деп соны осы кітап басып шығаруға ұйымдастырып, бүкіл материялдарын жинақтап, Гүлзада сіңлімізге, Арман інімізге айтып қарап едік. Бұлар қош көріп, осы бір «Ғұмыр дастан» деген кітапты дүниеге әкелдік. Бүгін мынау соның тұсаукесеріне жолдас-жоралары, қаламдас інілері, достары, өзі сүйетін бала-шағасы қатысып осы кітаптың тұсауын кесіп отыр енді».
Жуырда кітаптың электронды нұсқасы Kazneb.kz сайтында жарияланады.