CaspianLife, 17 тамыз — Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды CaspianLife.
Кездесуде Серік Шәпкенов облыстың даму үдерісіне «Бәйтерек» холдингі тұрақты қолдау көрсетіп келетінін жеткізді. Сонымен қатар, Атырау аймағы өндірістік жобаларды іске асыру үшін қолайлы өңір екені баса айтылды.
Жиында Атырау облысының даму келешегі, инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері және Холдингтің қолдау құралдары арқылы бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Сонымен қатар «KPI Inc.» компаниясының мұнай кластерін одан әрі дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында субсидиялау үшін қаржы бөлу, агроөнеркәсіпті дамыту, тұрғын үй кешенін салу мәселелері көтерілді.
Айта кету керек, «Бәйтерек» холдингі «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық 2023-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына» сәйкес, қазіргі уақытта бизнесті дамытуға 900 млрд. теңге, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына 44 млрд. теңгеден астам қаржы бөлген.