CaspianLife, 16 тамыз — Жатақханадан орын тапппаған атыраулық студенттер қонақ үйлерге жатады, деп хабарлайды CaspianLife.
Мұны Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Ләйла Қойшығұлова айтты. Себебі, биыл ақпанда 560 орындық №2 жатақхана апатты деп танылған еді. Қазір оның орнына жаңасын салу жоспарланып отыр. Бірақ оған дейін студенттер басқа оқу орындарына тиесілі жатақхана мен қонақ үйлерде тұрады.
Ләйла ҚОЙШЫҒҰЛОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры
«Біздер қыркүйек айын 2 оқу орнынан 100 орыннан келісімшартқа отырдық. Және Владимирский көшесіндегі Дана гостиницасын 170 орынды біздер жалға арендаға алып отырмыз. Сонда біз студенттерді толық қамтамасыз етеміз деп айтықым келеді».
Ал Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде 376 орындық жатақхана бар. Университет басшыларының айтуынша, орын тапшылығы жоқ.Білім беру басқармасындағылар болса колледждерге қарасты 17 жатақхана да студенттерді қабылдауға дайын дейді. Тіпті, бос орында бар көрінеді.
Орынтай БИМАНОВА, Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары
«Жалпы бізде облыста 17 колледжде жатақхана бар екен. Оның ішінде екеуі жекеменшік. Бұның бірі ПСК, екіншісі Атырау және инженерлік гуманитарлық колледжі. Енді олардағы жатақханаға тоқталсақ, 2200 орынға арналған 17 жатақханада орын бар екен. Қазір сол 2200 орынның тек 1300 дейі қамтылған. Яғни тағы 700-900 дей орын бос деген сөз».
Айта кетейік, жуықта ғылым және жоғары білім министрі оқу орнының басшыларына студенттерге жатақханадан орын алуға көмектесетін ахуалдық орталық ашуды тапсырды. Қазір Алматы және Астана қаласында осындай қызмет көрсетіліп жатыр. Ал Атырауда ахуалдық орталық ашылмаса да, әр оқу орны студенттерді жатақхана туралы мәліметпен қамтамасыз етіп отыр.