CaspianLife, 10 тамыз — Жаңаөзен қаласының 55 жылдығы қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды CaspianLife.
Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» жеке қайырымдылық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның шеңберінде қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 спорттық алаң салынбақ. Ауқымды жұмысты атқару үшін 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Жаңаөзен қаласына балалардың болашағына байланысты біздерде үлкен мәселе.Көптеген микрорайондамызы, сосын Жаңаөзен қаласына қарасты 4 ауылымыз бар, бұл жерлерде балалар ойын алаңы шынымен де тапшы. Былтырдың өзінде демеушілік көмектер алдық. Биыл міне қазір осы «Халық» қайырымдылық қоры біздерге осы 20 балалар ойын алаңдары мен воркаут, футбол площадкаларымен 20-сын осы қзан айының 20-на дейін осы қаламыздың 55 жылдығына байланысты тарту етіп отыр» — деп хабарлайды Жаңөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов.
Спорт кешенінде бокс, теннис, волейбол, баскетбол және т.б. үйірмесі болады. Жоспар бойынша құрылыс жұмысы бір жыл ішінде аяқталуы тиіс. 150 жұмыс орыны ашылып, 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі мүмкін. Бұл жаңалық жергілікті халықты қуантпай қоймады.
«Баланың қуанышы біздің үлкен қуанышымыз. Сондықтан балалардың дұрыс, мәдени ортада тәрбиеленгендігі, дұрыс білім алғандығы, спортқа бейімделгендігі және бос жүрген енді көшеде селтеңдеп бос жүрген баланың не істейтінін білесіздер ғой, сондықтан балалардың бір айналысатын нәрсесі болуы керек» — деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сақи Мыңбай.
Ал 20-дан астам ойын алаңы осы күзге дейін салынып, қолданысқа берілгелі тұр. «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ынтымақтастық меморандумы спортпен шұғылданатын қала тұрғындары санының артуына ықпал ететіндігіне сенімді.
«Бұл үй ауласы үш бөліктен тұрады. Біріншісі воркаут деген, бұл көбінесе жастар жаттығатын турниктер, мына жақта балалар ойнайтын бүкіл горкалары бар. Одан басқа мына жерде біз өзіміз жеке футбол алаңын салып отырмыз. Бұл футбол алаңы ұзындығы 30 метр, көлденеңі 15 метр» — деді «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
«Халық» жеке қайырымдылық қоры Жаңаөзендегі спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл аударып жүр. Қор былтыр толығымен жабдықталған 16 воркаут және шағын футбол алаңдарын салды. Олардың бәрі де әкімдіктің меншігіне берілді. 2016 жылы құрылған ұйым қайырымдылық акциялары мен өзге де әлеуметтік іс-шараларға осы уақытқа дейін жалпы құны 45 млрд теңге жұмсаған.
Фото: Prosports.kz