CaspianLife, 7 тамыз — 1 қыркүйектен бастап үйдегі ит-мысық есепке алынады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, қожайыны оларды чиптеуге міндетті, деп хабаралайды CaspianLife.
Жаңа ереже бойынша талап та қатаңдамақ. Тұрғындардың басым бөлігі заңға мұндай өзгерістің енгізілгеніне қуанышты.
Келіспейтіндер де бар. Мысалы екі ит асырап отырған Вадилия Сапарова чиптеуді міндеттеу — бұралқы ит-мысықтың санын арттыратынына сенімді. Өйткені бұл процедураны жасатуға барлығының жағдайы жете бермеуі мүмкін.
«Менің екі итім де Чехиядан чиптеліп келді. Бірақ мен бұларды чиптеуге қарсымын. Біріншіден — зиян, екіншіден бұл процедураны жасату үшін ақша керек, оны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді» — деді Атырау қаласының тұрғыны Вадилия Сапарова.
Ит-мысықты чиптеу процесі қаладағы ветеринарлық клиникаларда жасалады. Белгі салынғаннан кейін жануардың иесіне ветеринарлық паспорт беріледі. Онда итке не мысыққа орнатылған чиптің 15 таңбалы коды жазылады. Ал барлық ақпарат TANBA ұлттық электронды қызметінде сақталмақ.
«Иттерді 3 айынан бастап чиптеуге болады. Жалпы бұл процедура ауырсынусыз өтеді. Яғни кішкентай ғана капсула терінің астына енгізіледі. Сізге берілген кодта жануардың жағдайы, мекен-жайы туралы ақпарат болады. Біз мұны базаға енгіземіз.Үй жануары жоғалып кетсе осы чип арқылы тауып ала аласыз» — деді ветеринарлық клиника директоры Сағид Сүлейменов.
Қазақстандықтар үшін үй жануары туралы ақпаратты жүйеге енгізу тегін. Бірақ чиптеуге әркім өз қалтасынан ақша шығарады. Әлеуметтік осал топтағылар ғана төлемнен босатылады. Ветеринарлық клиникаларда бұл процедураның бағасы 3, 500- 8 мың теңге аралығында. Чип салынған үй жануарларымен шетелге еш қиындықсыз шыға аласыз.
«Байқағаным шетелде үй жануарларын чиптеу немесе оларға құжат жасату проблема емес. Оларда мұндай процедуралар қымбат тұрады. Ал бізде керісінше өте арзан» — деді ветеринар Наталья Пак.
Иті мен мысығын есепке қоюдан бас тартқан жеке тұлғаға 35 мың, ал заңды тұлғаға 100 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Айтпақшы атыраулықтар бұл жұмысты ерте бастап кетіпті. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылдың соңында облыста есепке алынған ит-мысық саны бес мыңға жуықтаған.