CaspianLife, 3 тамыз — Биыл облыстық бюджеттен мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орындауға 2,6 млрд теңге бөлініпті. 10.000-нан астам бала түрлі үйірмемен қамтылған, деп хабарлайды CaspianLife.
Осы жылы 900 адамға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілін, көпшілік алдында сөйлеуді үйрету жоспарланған. Әзірге 282 адам аталған курстарды аяқтағандықтары туралы сертификат алыпты. Мұндай ақпаратты мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов брифинг кезінде айтты. Сондай-ақ жыл соңына дейін облыста 5 мәдениет үйінің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның үшеуі Жылыойда, екеуі Құрманғазы ауданында.
«Жалпы жылой ауданында Шоқпартоғайда, Майкөмген және Тұрғызба ауылында салынып жатыр. Бұлар бойынша сын ескертпеміз жоқ. Бәрі ретімен болады. Мәселе, Құрманғазыдағы, мысалы Азғыр ауылындағы мәдениет үйіне байланысты. Азғыр ауылындағы мәдениет үйінің трагедиясы деп айтуға болама , салынып жатырған мәдениет үйі қазіргі таңда тоқтап тұр. Өйткені бұрынғы мердігер өзіне тиісті міндеттерді дұрыс орындамай, қазіргі кезде сот процестері жүріп жатыр» — деді Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов.
Басқарма қызметкерлері жарты жыл ішінде 3 млннан астам парақты цифрлық форматқа ауыстырыпты. Бұл — сақталатын құжаттардың 4,6 пайызы.
«Біздің басты міндеттердің бірі қазіргі заман талабына сай, бұл цифрландыру жұмыстары, архив саласын. Жалпы енді республика көлемінде Е-архив деген, жалпы үлкен мемлекеттік бағдарлама әрекет етеді, бұл бағдарламаданда біздің Атырау облысы тыс қалып жатқан жоқ. Мұның сыртында жұмысты қазіргі заманға келтіру үшін, яғни цифрландыруға көшіру үшін құжаттарды, қазіргі заманғы технологиялық құралдар бізге өте көп керек. Соның бастысы халықтық тілде сканер құралдарымыз» — деді Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов.
Мәдени іс-шаралар туралы айтар болсақ, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері Египетке гастрольдік сапармен бармақ. Және Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы да кең көлемде аталып өтпекші.
Фото: Ticketon.kz