CaspianLife, 28 шілде — Былтыр Атырау облысында жұмсалуы тиіс 632 млрд теңгенің 12 млрд-ы игерілмей қалған. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы мәслихат депутаттарының кезекті үшінші сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife.
Оның айтуынша, қаражатты игермегендердің қатарында білім басқармасы «көш бастап тұр». Аталмыш мемлекеттік орган 3 млрд теңгеден астам ақшаны келісім-шарттың кеш тіркелуі себепті жұмсап үлгермепті. Ал, құрылыс басқармасы түрлі нысанның уақытында салынбауынан 182 млн теңгені игермеген. Одан бөлек, уақытында жұмсалмаған қаражаттың ішінде республикалық бюджетке аударылмаған сома да бар. Алдағы уақытта аймақтық бюджеттің басым бөлігі облыстағы инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалмақ. 2023-2025 жылдардағы облыстық бюджетті нақтылау жоспарына сәйкес, өңірді сумен жабдықтауға 267 млн, газбен жабдықтауға 376 млн теңге бөлінбек. Ал, атыраулықтарды тоқ көзімен қамтамасыз ету үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылады. Сондай-ақ, мәслихат отырысында елді мекенде тұратын атыраулықтардың жолдама арқылы жоғары технологиялық медициналық көмек алуы үшін басқа облыстарға тегін қатынауын қамтамасыз ету ұсынылды. Сонымен бірге, депутаттар ауданаралық қоғамдық көліктердің жолаушыларды тасымалдау тарифін бекітті. Сонымен қатар, Атырау облыстық мәслихатында тағы бір тұрақты комиссия өз жұмысын бастады. Аграрлық мәселе, жерді пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі комиссияға Айбар Ерекешов төрағалық етеді.