CaspianLife, 24 шілде – Қазақстан ғалымдары Каспий теңізін қазіргі қалпында сақтап қалу үшін Жайық-Каспий бассейнін зерттейтін институтты тез арада құру керектігін айтып, дабыл қағуда, — деп хабарлайды caspianlife.kz. Ал, кей сарапшылар теңіздің таяздануы табиғи құбылыс, сондықтан оған адам араласқанмен жағдай өзгермейді дегенді алға тартады. Әзірбайжан география институтының профессоры Әмір Әлиев Каспий теңізінің деңгейін көп жыл бойы бақылап, зерттеп келеді. Оның айтуынша, алдағы 10 жылдықта дария бұдан да бетер таяздануы мүмкін. Шетелдік маман теңіздегі су деңгейі жыл сайын 20 см-ге төмен түсіп барады дейді. Дегенмен, бұл аса алаңдайтын жайт емес. Керісінше, қалыпты көрінеді. Не десек те, Ақтау қаласының тағдыры теңізбен тікелей байланысты. Маңғыстауатомэнерго комбинатына жеткілікті деңгейде судың келмеуіне байланысыты жергілікті билік төтенше жағдай жариялады. 7 маусымда енгізілген жағдай тамыз айына дейін күшінде болмақ. Бұл уақытта қалалық әкімдік түптереңдету жұмыстарын жасау үшін зерттеумен айналысатын мердігерді анықтап қойыпты. Қазақстан экологтары Каспий теңізінің мәселесін зерттейтін институт құрылуда дейді. Оның орталық кеңсесі Ақтау қаласында орналаспақ, ал Жайық-Каспий бассейнін толықтай зерттеу үшін Атырауда да филиал ашылуы мүмкін.