CaspianLife, 20 шілде – «Водниково-2» тұрғындары «Балықшы» ықшам ауданына жете алмай жүр деп хабарлайды caspianlife.kz.
Табысының көп бөлігін таксиге төлеп шаршаған жұрт орталық саналатын 9-ыншы көшемен қоғамдық көлік жүрсе екен дейді. Себебі, ауыл ішіне кірмейтін №8, №51 бағыттағы автобустардың аялдамалары ауылдан алыс. Қысы-жазы қиналып жүрген мұндағы ағайын атқамінерлерден көмек сұрайды.
«Балаларымыз Маслопромдағы 8 школда оқиды. Өте қиын баруға. Биыл қар көп болды. Апайдан сұрана беруге ұят. Мен мына жерден жолай машина жүретінін білмеймін. Мен таксиді үйге шақырамын. 1300-1500 теңге. Күнде 2 баланы солай жіберемін», — деді «Водниково-2»ықшам ауданының тұрғыны Жанаргүл
«1 маршурт берсін. Мынандай уақытта жүреді десе соны күтіп отырамыз ғой. Жолдасым ЖКХ-ға мың рет барды. Айтамыз, береміз деп өтірік алдап жібереді. Өтірік, жоқ! Мына жерде адамдар тұрып жатыр ғой. Жұмыс бар, мектепке бару керек»,- дейді «Водниково-2»ықшам ауданының тұрғының Қамқа Ермағамбетова.
Тұрғындардың талап-тілегі орынды дегенге келтірген қалалық әкімдіктегілер мәселеден хабардар. Бірақ, бәрі қаражатқа байланысты деп отыр. Және техникалық жағынан қадағалаушы мекеме мен жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияның пікірін ескеріп, 7 рет өлшеп барып бір шешім шығару керек деп есептейді.
«Қоғамдық көлікті жүргізу проблема емес. Субсидиясы бар, километражы бар. Оның бәрі өседі ғой. Жанар-жағармай, қосымша автобус керек болады. Бәрі қаржы керіп тіреледі»,- «Смарт Атырау» КММ басшысы Арслан Аронов.
Тұрғындар №5 және №8 бағытта жүретін автобустар ауылдың орталық көшесімен қатынаса, қалаға қиналмай жетер едік дейді. «Смарт Атырау» мекемесінің басшысы тұрғындардың өтінішін қалалық әкімдікке жеткізіп, арнайы комиссия құруға ықпал ететінін айтты.