CaspianLife, 18 шілде – Биыл жалпыға ортақ декларациялаудың екінші кезеңі бойынша 65 000 атыраулық өзінің кірісі мен мүлкі туралы есеп беруі тиіс деп хабарлайды caspianlife.kz.
Салықшылардың дерегінше, бүгінде оның 95 пайызы кіріс-шығыстары туралы деректі беріп үлгерді. Декларацияны тапсыру мерзімі 15 шілдеде аяқталғанымен, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін тапсыруға мүмкіндік бар. Биыл 1 қаңтардан бастап жалпыға ортақ декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Ол бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары кіріс-шығысы және мүлкі туралы ақпарат беруі тиіс. Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты – көлеңкелі экономикамен күресу және заңсыз табыс мөлшерін айқындау. Мамандар декларациялаудың әр кезеңінде есеп беруі керек тұлғалардың тізімі толықтырылатынын айтады.
«4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, мемқызметкерлер, екінші кезең мемлекеттік мекемедегі қызметшілер және квазимемлекеттік органдар. Үшінші, заңды тұлғалардың директорлары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер. 2024 жылдан басталады. 2025-те қалған санаттағы адамдардың бәрі тапсырады. Зейнеткерлері бар, басқалары бар. Онда негізі тапқан табыс көзі және сатылған мүліктер қалай пайда болды, қалай атыңыздан кетті сол туралы толық ақпарат беру керек. Декларациялауда авторлық туындылар да көрсетіледі», — дейді Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сарманов.
Алғашқы кезеңде 17 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер декларация тапсырған. Олардың арасында қате дерек берген 12 адамға ескерту беріліпті. Егер азамат екінші рет декларация тапсыру кезінде қателік жіберсе, 3 АЕК көлемінде немесе 10 350 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Фото gov.kz ақпараттық порталынан алынды