CaspianLife, 18 шілде – Тауман Амандосов көшесінің бойында тұратын тұрғындар жауаптылардан «автобус аялдамасы» деген белгі орнатуды сұрайды деп хабарлайды caspianlife.kz.
Тұрғындардың айтуынша, жол кеңейтілгеннен кейін қоғамдық көліктердің барлығы халық аузында «Әсемгүл» және «Чехов» аталып кеткен аялдамаларға тоқтамайтын болыпты. Енді автобусқа міну үшін 1 шақырым жаяу жүру керек. Бұл, әсіресе,үлкендерге қиын болып отыр.
«Бәрінің айтатын жауабы бір: қаралып жатыр, қаралып жатыр, қаралып жатыр. Одан артық ештеңе айтпайды. Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына үш жыл болады. Жолды салып жатқан кезде автобус тоқтайтын аялдама болу керектігін айттық. Естір құлақ болмады»,- дейді қала тұрғыны Светлана Ізтілеуова.
Екі жолақты жол 2021 жылы төрт жолақты болып кеңейтілгеннен кейін Амандосов көшесінің бойымен жүретін көлік нөпірі көбейген. Жол ережесін сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен жолдан өтуге де қорқамыз дейді тұрғындар. Өйткені бұрын осы маңда болған жылдамдықты шектеу туралы белгі де алынып тасталған көрінеді. Қалалық әкімдіктегі жауапты маман жолды кеңейту жұмыстары кезінде тұрғындардың аялдама қажет екендігін айтып, арызданбағанын түсінбей дал. Оның сөзінше, жол құрылысына дейін де бұл жерде аялдама болмаған.
«Жобаны іске асыру барысында тұрғындардан аялдама туралы арыз-шағым неге түскен жоқ?!Мен соны түсінбей отырмын. Кеңейтілгенге дейін бұл жерде аялдама болған жоқ. Ал жәй ғана автобустың тоқтауына мүмкіндік беретін белгіні қойсақ жол қозғалысына кері әсерін тигізеді»,-дейді Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Алмас Сәрсенов.
Полицейлер де Амандосов көшесіне аялдама салатындай орын жоқ дейді. Және «автобус аялдамасы» деген белгі де қауіпсіздікті сақтау мақсатында орнатылмайды деп ашып айтты тәртіп сақшылары. Бірақ, мәселенің шешімін қарастыруға болатын көрінеді.Жол кептелісін болдырмау мақсатында 2020 жылы қаладағы 11 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жасалған еді. Олардың арасында жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын Амандосов көшесі де болды. Нәтижесінде көше екі жолақтыдан 4 жолақтыға айналды.