CaspianLife, 14 шілде — Атырау облысында 19 мың адам жұмыссыз жүр, деп хабарлайды CaspianLife.
Нұртас Айтқалиев дипломын қолына жақында алған жас маман. 4 жыл бойы «қозғалысты ұйымдастыру, көлікті басқару және логистика» мамандығын меңгерген. Әзірге жұмыс табыла қоймапты. Еңбек жолын өз мамандығы бойынша бастамақ ниетте бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне түйіндемесін алып келіпті.
«Жалпы мағлұмат алдым. Менің мамандығым енді-енді дамып жатқандықтан логистика бойынша. Мысалы, жүктерді тасымалдау, бәрі осы логистика мамандығына жатады. Сондықтан, осы мамандықты таңдап түстім. Проблемамыз деп айтайын, қазіргі таңда жастардың көбі жұмыссыз. Бәрі де дипломын алады да, үйде шаң басып жатады. Осылай ұйымдастырылып тұрса, жастарға осылай мүмкіншілік берсе, бәлкім ілініп кетер жұмысқа» — деді Атырау қаласының тұрғыны Нұртас Айтқалиев.
Нұртас секілді жұмыс іздеп жүрген тұрғындар үшін «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған аймақтағы 12 компания қатысып, өздеріндегі вакансияларды ұсынды.
«Оның ішінде АМӨЗ, Казтруборемонт, Экспертиз, ФССА, Интергаз Центральная Азиия, мектеп өкілдері қатысып отыр. Олар өздеріне қажетті мамандардың ішіне іріктеу жұмыстарын жүргізіп, мамандарды жұмысқа қабылдайды. Бүгін қатысып отырған мекемелер әр түрлі мамандықтар бойынша вакансиялар ұсынып отыр. Оның ішінде жұмысшы мамандықтар да бар, рабочий позициялар, тазалаушы, повар, электрик, оператор, монтажник, көптеген инженерлік позициялар бойынша сұраныстар түсіп отыр» — деді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.
Атырау облысында қазір 19 мыңдай аадам ресми жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оларды тұрақты жұмыспен қамту үшін жауапты мамандар ай сайын осындай іс-шара өткізіп тұрады.