Caspianlife, 14 шілде — Түркістан облысында бес жасар қызды өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Caspianlife.
«Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында бұрын сотталған ер адамның 5 жасар қызды қызды өлтіріп, ұсталғанын хабарлады.
Облыстық полицейлер 13 шілдеде Сарыағаш аудандық бөліміне қыз бала жоғалғанын хабарлап, арызбен жүгінгенін растады. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаттарымен қыздың мәйітін тапты.
«Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық мән-жай анықталып жатыр, оқиға орнына полиция басқармасының басшылығы, аудан прокурорының орынбасары және жедел-тергеу тобы аттанды», — делінген хабарламада.
Тергеу барысы Түркістан облысының полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Stan.kz