Caspianlife, 13 шілде — Маңғыстаудағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт әлі сөндірілген жоқ, деп хабарлайды Caspianlife.
Құтқарушылардың сөзінше жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында жасалып жатқан жұмыс әзірге нәтиже бермей тұрған көрінеді. Енді жақында ұңғымадан 100-150 метрдей жерден еңістеп бір шақырымға дейін бұрғылау жұмысы басталмақ. Содан кейін газ бен суы аралас атқылап жатқан фонтанның аузына ауыр бетон ерітіндісі құйылады.
«Жұмыс жасалатын учаске 100 пайыз дайын тұр. Бұрғылауға қажетті қондырғылар да жеткізілді. Жұмыс осы аптада басталады және 15-20 күнгей дейін созылуы мүмкін деп отырмыз» — деді Маңғыстау облыстық ТЖД бастығы Мұрат Мұханов.
Естеріңізге салайық, «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт 9 маусым күні басталды. Өртеніп жатқан ұңғыма «Бозащы-Мұнай» компаниясына тиесілі. Апаттың шығуына ұңғымадағы өртке қарсы жабдықтың істен шығуы себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған. Департамент бастығының сөзінше, өртті бірден сөндіретіндей мүмкіндік жоқ. Олай істеген күннің өзінде жарылыс болуы ықтимал.
Фото: Qamshy.kz