CaspianLife, 12 шілде — Мұнай-газ кен орындарындағы жұмысшылардың вахта мерзімін қысқарту, көгалдандыру мен рекультивация. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары «Теңізшевройл» және NCOC компаниясының өкілдерімен кездесіп, осы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды CaspianLife.
Мәжілісмендер вахта уақытын 28 күннен 14 күнге дейін азайтуды ұсынды. Сондай-ақ, ТШО компаниясының Жылыой ауданындағы проблемаларды шешуге ат салысуын сұрады.
«Қалай болғанда да Жылой ваше детище.Сондықтан да мына Жылыойға жандарыңыз ашыса дейміз. Бүгінгі күні Жылыойда КОС жоқ. Бұлар ана кәрізді тікелей қаланың сыртына лақтырып отыр. Халық үлкен наразылық білдіріп отыр соған қатысты. Сондықтан КОС-ты өз тараптарыңыздан салып берсеңіздер жақсы болар еді.Себебі КОС-тың суын көгалдандыру жұмыстарына пайдаланар еді» — деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Жиын барысында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы жайында да сөз болды. Ол үшін компания жыл сайын 30 млн долларға жуық қаржы бөліп келеді. Бағдарлама басталғалы Атырау облысында 120-дай жоба жүзеге асқан. Депутаттардың сауалына NCOC компаниясының өкілдері де жауап берді. Олар өңірді әлеуметтік тұрғыдан дамытуға 25 млн доллардай қаражат бөлінгенін және оның 5 миллионы Мақат ауданына берілгендігін айтты. Дегенмен қаражат көлемінің азайғандығын мойындады.
«Келісім-шарт бойынша биылға бөлінетін ақша аз болды.5 миллион доллар екі облысқа, Атырау мен Маңғыстау облысына. Бірақ Атырау мен МАңғыстау облыстанының әкімдері сұраныспен шықты.Оны былтырдан бастап тағы да сөйлесіп жатырмыз.Осы Атырау облысы бойынша Серік Жамбылұлы әдейі осы Мақат ауданына көңіл бөлу туралы сұрақтарды көтерген болатын. Біздің құрылтайшылар былтыр жиналыста осы жерге келді. Атырау, маңғыстау облысының әкімшілігімен кездесті. Биылдан бастап Мақат ауданына 5 миллион доллар бөлек бөлу туралы келісіп отыр. Осы 23 жылдан бастап» — деді NCOC компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі менеджері Руслан Әубекеров.
Жиынды ұйымдастырған «Аманат» партиясының өкілдері де мұнай компанияларының қызметкерлеріне өз ұсыныстарын айтып қалды. Депутаттар кейін «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысымен танысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдамақ.