CaspianLife, 11 шілде — ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан Атырауға іс-сапары барысында қаладағы санитарлық жұмыстарға жауапты «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды CaspianLife.
Шаһардағы тұрмыстық қалдық жиналып, сұрыпталатын мекемеге ат басын тіреген халық қалаулысы «орташа» деген баға берді. Айтуынша, қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу жұмыстарын әлі де жақсарта түсу керек.
«Бүгін свет өшіп жатыр дейді, тағы да басқа мәселелер болып жатыр дейді. Бұл әкімшіліктің , осы кәсіпорынның жұмысы, міндеті деп ойлаймын. Әрине, ыстыққа байланысты бұның барлығын болашақта болдырмауға тырысу керек. ++04:47 Жақсы, бәрі күшті деп те айта алмаймын. Жаман ойбай, бәрі қырылып жатыр, быт-шыт деп те айтпаймын. Жаман емес» — деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан.
Кенжеғұл Сейітжан қоқыстарды сұрыптауды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін және ол үшін мемлекеттен қаржылай көмек бөлу мәселесін жоғары жаққа жеткізетіндігін ескертті. Ал, «Арнаулы автобаза» өкілі бұған қатысты жоспар бар дейді.
«Біз сұрыпталған тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын қарастырдық. Мәселен, пластикалық бөтелкелерді түйіршіктеп, құрылысқа қолдануға, сондай-ақ, органикалық қалдықтарды да қайта өңдеуге болады. Бірақ, бұның барлығына қыруар қаражат қажет. Сондықтан, бұл жобалардың барлығы тек қағаз жүзінде ғана тұр. Қазіргі таңда, қаладағы санитарлық жұмыстарды барынша сапалы атқаруға тырысып жатырмыз» — деді «Арнаулы автобаза» ЖШС басшысының орынбасары Есенжан Шауданов.
Қала сыртындағы 35 гектар жерді алып жатқан полигон 1970-ші жылдары пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бұл жерде 2,5 млн тоннадан астам қалдық жиналған. Маманның айтуынша, мұндай полигонға қоқыс жинау ұзақтығы 15 жылдан аспауы керек. Ал, қолданыста болғанына 50 жылға жуықтаған бұл орынға рекультивация жасау мәселесі қала әкімі ауысқан сайын көтеріліп келеді. Енді мұның нүктесін жаңадан келген әкім шешеді деп үміттенемін деді депутат.