CaspianLife, 5 шілде — Прокурорлар Құрманғазы атындағы мәдениет үйіне жөндеу жұмысының заңсыз жасалып жатқандығын анықтады, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News телеарнасына сілтеме жасап.
Әкімдіктегілер құны жарты миллиард теңгеге бағаланған шаруаны лицензиясы жоқ компанияға сеніп тапсырған. Нақтырақ айтқанда, 449 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасаймын деп тендерді ұтып алған мекеменің ғылыми-реставрация жұмысын жүргізуге рұқсат беретін лицензиясы болмай шықты. Яғни, әкімдік мердігер мекемеге қойылатын талапты дұрыс жасақтамаған. Нысанның тарихи-мәдени маңызы бар екендігі және күрделі жөндеу кезінде оның негізгі сәндік элементтерінің зақымдануы мүмкін екендігі де ескерілмепті. Заңсыздықты анықтаған қалалық прокуратура қызметкерлері ішкі мемлекеттік аудит департаментіне мәдениет үйі мен мердігер арасындағы шартты бұзу туралы талап жіберген.
«Құрманғазы» атындағы мәдениет сарайы тарихи нысан болып табылады. Және мұндай нысандарға мемлекеттік сатып алу туралы заңда арнайы талаптар көзделген. Бұл талаптарды уәкілетті орган орындамаған. Сол себепті Атырау қаласы прокуратурасы негізінде құны 449 миллион теңге болатын жобаның күшін жою туралы талап хат жолданды. Қазіргі уақытта күшін жою туралы шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, мемелкеттік сатып алуды заңсыз ұйымдастырған және заңсыз қараған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды», — деді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Мирас Жалмурзин.
Қазір мәдениет сарайындағы күрделі жөндеу жұмысы тоқтап тұр. Жалпы аумағы 21 мың шаршы метрден асатын мәдени нысанның негізі қаланғанына 75 жылдай уақыт өткен. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, соңғы рет мұнда жөндеу жұмысы 2001-2022 жылдары жасалыпты.
Автор: Нұрбибі Теміртасқызы