CaspianLife, 4 шілде — Исатайлықтар дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде алтыннан алқа тағып, чемпион атанған Інжу Жұмажанды күтіп алды, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
27-30 маусым аралығында Өскеменде өткен жарыста Інжу татамиге 44 келі салмақ дәрежесінде шығып, бес кездесу өткізді. Әуелі қарағандылық спортшыны, кейін астаналық қарсыласын таза жеңіспен ұтты. Ал үшінші белдесуде жамбылдық палуанды жарты ұпаймен жеңіп, жартылай финалда шымкеттік дзюдошыны жолда қалдырды. Ақтық сында ақмолалық спортшыдан басым түсті.
Інжу Жұмажан – аудандағы «Барыс» спорт клубының тәрбиеленушісі. Клубтың 6 ауылдық округте филиалы бар. Балалар спорттың он төрт түрі бойынша жаттығады. Осыған дейін олар кикбоксинг, самбо, белбеу күресінен халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп, жетістікке жеткен.
«Барыс» спорт клубы 2017 жылы ауыл спортын дамыту мақсатында ашылды. Қазір мұнда 400-дің үстінде бала жаттығып жүр.
Фото: Ержан Шеруенов