CaspianLife, 4 шілде — «АМӨЗ – электр энергиясының болмауына байланысты жұмысты уақытша тоқтатып, атмосфераға газ жіберуге мәжбүр болды». Кәсіпорын басшысы Мұрат Досмұратов осылай дейді. Кеше Маңғыстау атом электр комбинатындағы ақаудың салдарынан Маңғыстау мен Атыраудағы кен орындарындағы жұмыс тоқтаған еді. Осы жағдайдан кейін «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырауға арнайы келіп, АМӨЗ-дің жағдайымен танысты, деп хабарлайды Caspian Life.
Кеше кешкілік зауытқа электр қуаты тұрақты беріле бастағаннан кейін мұндағы технологиялық қондырғылар қалыпты жұмыс режиміне біртіндеп көшті. Ал ертең катализаторларды тазалау жұмыстары басталып, өндіріс жайлап іске қосылмақ.
«Зауыттағы жұмыстың тоқтауына жалғыз әрі негізгі себеп – электр энергиясының берілмеуі. Яғни, сыртқы желілерден электр қуатын ажырату.Мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ. Былтыр да шілде айында тоқ болмауы себепті жұмысымызға кедергі келген. 2021 жылы осындай жағдайдың салдарынан 69 миллиард, былтыр 2 миллиард теңге шығын келді. Осы жолғы шығынды әлі есептеген жоқпыз. Бірақ, аз болмайтыны анық. Осы орайда электр энергиясының берілмеуі себепті катализаторларға, сонымен қатар басқа да жабдықтарға зақым келді. Атырауда электр энергиясы жеткілікті. Тек оны жеткізу және жеткізуді қамтамасыз ету жағы нашар. Мәселені бәрі осымен байланысты», — дейді зауыт басшысы Мұрат Досмұратов.
Ал «Қазмұнайгаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев бұндай апатты болдырмау үшін алдағы уақытта АМӨЗ-дің өз электр станциясы болатынын айтады. Сонда ғана зауыт басқа электр станцияларына тәуелді болмай жұмысын жалғастыра беруге мүмкіндік алады.
«Әр кәсіпорынның өз ерекшелігі бар. Кәсіпорындарда газ көп болса, сондай станция салуға болады. Сондықтан, АМӨЗ-ге қатысты сондай жоспарымыз бар. Біз қазір тиісті зерттеулерді бастадық. Шешім жақын уақытта қабылданады. Оны салуға мәжбүрміз», — дейді «Қазмұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзғалаиев.
Кәсіпорынның басшысы Мұрат Досмұратовтың айтуынша, бүгінгі таңда АМӨЗ қордағы мұнай өнімдерін жөнелтіп жатыр. Қазір зауыт резервуарларында 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1 500 тонна сұйытылған мұнай газы және 6 мың тонна авиакеросин бар. Мұның бәрі тұтынушыларға бір апта көлемінде тасымалданады. Жалпы зауыт осы аптаның соңына қарай мұнай өнімдерін бұрынғы көлемде шығара бастайды деп жоспарланып отыр.