CaspianLife, 1 шілде — Атырауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХІХ маусымының ашылуына орай плоггинг акциясы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды caspianlife.kz. Яғни қала, аудандардағы оқу орындарының жастары «Тентектер», «Қырандар», «Нұр», «Жасыл желек» деген 4 командаға бөлініп, Жайық жағалауын қоқыстан тазалады. Нәтижесінде «Тентектер» аз ғана уақыттың ішінде 21 қапшық қалдық жинап, жеңімпаз атанды. Еңбек жасағының мүшелері әрі көңіл көтеріп, әрі пайдалы іс істегендеріне риза. Іс-шараның өтуіне Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері себепші болды. Олар осы жолы « Жасыл ел» қатарына шалғай ауылдағы жасөспірімдерді де тартыпты. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелері тамыздың 30-ына дейін жұмыс істейді. Осы мерзім ішінде барлығы 1760 жасты еңбекпен қамту жоспарланған. Әзірге 565 адам өтініш беріпті. Олар 70 000 теңге көлемінде жалақы алады.