CaspianLife, 1 шілде — Қазіргі кезде аймақтағы 11 мектепке күрделі жөндеу жасалып жатыр. Оның бесеуі – облыс орталығында. Өкініштісі сол – кейбіріндегі жұмыстың қарқыны бәсең, — деп хабарлайды caspianlife.kz. Атырау қаласындағы №4 облыстық арнаулы шипажайлы мектеп-интернатындағы күрделі жөндеу жұмысы былтыр маусым айында басталды. Биыл ақпанда аяқталуы керек еді. Бірақ әлі біткен жоқ. Мектеп басшылығы заң бойынша мердігерді сотқа беріпті. Сот процесі болып жатса да, мердігер мекеме өкілі мектеп-интернаттағы жөндеу жұмысын аяғына дейін жеткізем деп отыр. Оқу орнының басшысы да жаңа оқу жылын сыңғырлаған ғимаратта қарсы аларымызға сенемін, — дейді. Дәл осындай жұмыс қаладағы 13-інші, 22-нші, 27-нші және 31-інші мектепте және аудан орталықтарында жүріп жатыр. Оны облыстық әкімдіктегілер қадағалап, бас-көз болып жүр. Сондай-ақ, биыл жаңа оқу жылында 4 мектеп оқушыларды алғаш рет қабылдайды. Атап айтсақ, Сарыарқа мен Нұрсая ықшам ауданындағы, Ақжар және Жаңаталап елді мекенінде бой көтерген білім ордалары пайдалануға берілмек.