CaspianLife, 29 маусым — Атырауда өрт сөндіру-құтқару спортынан балалар мен жасөспірімдер арасында ХІІІ чемпионат басталды,- деп хабарлайды caspianlife.kz. Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, төтенше жағдай департаменті басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Асхат Ержанов пен құтқарушылар қатысты. Чемпионатқа әр өңірден 16 команда немесе 130-ға жуық адам қатысуда. Олар кедергіге толы 100 метр жолдан өту, дайындық мұнарасының 2-3-інші қабатына арнайы сатымен көтерілу, өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю секілді кезең бойынша бақ сынайды. Чемпионатта үздік шыққандар ұлттық құрама сапына алынып, Ресейдің Саранск қаласында өтетін әлем чемпионатына барады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Қазақстан құрамасы әлем бойынша үздік бестіктің қатарына енген көрінеді.Чемпионаттың салтанатты түрде жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 30 маусымда өтеді.