CaspianLife, 20 маусым – Атырау облысында 10 мыңнан астам көлік заңдастырылды деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру мерзімінің аяқталуына 10 күн қалды. Содан болса керек Атырау облыстық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының іші абыр-сабыр. Кесілген уақыт жақындаған сайын құжаттарын құшақтап жүгірген жүргізушілердің қарасы көбейді. Мамандардың айтуынша бұрын күніне 90-100 адам келетін болса, қазір 150-дей адамға қызмет көрсетіледі.
«Номерді алғанда таңертең келіп, ақшасын төледім, Ұзақ болған жоқ, қағазды тапсырып жарты сағаттан кейін номерді алдым. Құжатты тапсыруда ешқандай қиындықтар болған жоқ»,- дейді Атырау қаласының тұрғыны Болат Мүтәліп.
Қаңтардың 23-нен бері Атырау облысында 10 150 автокөлік заңдастырылған. Оның ішінде 150-і конструкторлық көлік. 464 өтініш қаралып жатыр. Машиналар Ресей, Армения, Грузия елдерінен жеткізілген.
«Қазіргі таңда, яғни мына конструктор автокөліктерінің құжаттарын қабылдануға, оларға ең бірінші азаматтардың өтініштері ,одан кейін кедендік баждан анықтама керек болады. Сондай-ақ,автокөліктің техникалық байқаудан өткені жөнінде құжаттары, автокөлік құжатының көшірмесі мен жеке куәлігінің көшірмесі қажет. Осы құжаттарды жинап, әкімшілік полиция басқармасына алып келіңіздер.210 –шы қызметтік бөлмеден өтініштері қабылданады»,- дейді Атырау облыстық ПД ӘПБ процесстік орталығының басшысы Жеңіс Дәулетов.
ҚР ІІМ 1-ші шілдеден бастап автокөліктерді заңдастыруға қажетті өтінішті қабылдаудың тоқтатылатындығын және заңдастыру мерзімінің ұзартылмайтынын ескертті. Осы уақытқа дейін құжат тапсырған жүргізушілердің өтініштері толық қарала береді. Жалпы елімізде 23 қаңтардан бері 161 мың көлік заңдастырылған. 7 мыңға жуығы конструкторлық авто.