CaspianLife, 19 маусым – Көлік жуу орталықтарының иелерінен суды үнемдейтін құрылғыны орнату талап етіледі деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Атыраудағы көлік жуу орындарының иелері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Атырау облыстық филиалынан көмек сұрай келді. Олар «Атырау облысы су арнасы» мекемесінің тарапынан қойылған талаппен келіспейді. Яғни кәсіпкерлер келесі айдың ортасына дейін суды үнемдеуге арналған құрылғыны орнатуы қажет. Әйтпесе, көлік жуу нысандары сусыз қалуы мүмкін. Бірақ бұл жабдықтың нарықтағы бағасы шамамен 3-5 миллион теңге тұрады. Ал арзаны 500 мың теңге. Бірақ сапасы нашар.
Бұл мәселені шешудің бір жолы кәсіпкерлерді техникалық сумен қамтамасыз ету. Бірақ бұған жауапты орындар да, кәсіпкерлерлер де дайын емес. «Атырау облысы су арнасы» мекемесі өкілдерінің сөзінше суды үнемдеуге арналған құрылығыны 60-тан астам көлік жуу орталығы қондырған. Соның арқасында суты тұтыну көлемі азайған.
«Шаһарда 141 көлік жуу орталығы бар. Оның 19-ы өз қызметін өзгертті. Ал 20 шақтысы әртүрлі себеппен жабылып қалды. Тек 60-тан астамы су үнемдейтін құрылғыны орнатқан. Ал қалған 39-на ескерту беріліп, акт жасалды, оларға 12 шілдеге дейін су беріледі», -деді «Атырау облысы Су арнасы» ЖШС бөлім басшысы Зүлфия Юсупова.
Мекеме қызметкерлері мұндай нұсқау қалалық прокуратура тарапынан берілгенін айтады. Жалпы бұл тақырып сонау 2014 жылы да көтерілген. Бірақ кәсіпкерлердің наразылығына байланысты жабулы қазан жабулы күйі қалыпты.
«Сонымен қатар кәсіпкерлерге қатысты 5 ай бұрын 2023 20 сәуірге дейін қондыруға уақыт берілген. Аталған уакыттың ішінде санаулы кәсіпкерлермен қондырылған болатын. Қайта жабдықтау технологиясы орнатылмаған көлік жуу обьектілерімен 9 552 метр/куб су пайдаланып отыр. Орнатылғандарымен салыстырғанда 5990 метр/куб пайдаланып тұр. Яғни бізде қондырылған жерде 60 пайыз үнемделу фактісі орындалып отыр», — деді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Алмат Сүйеуов.
Жиын соңында тараптар келесі айдың ортасына дейін мәселенің ортақ шешімін табатындықтарын айтып, тарқасты.