CaspianLife, 19 маусым – Атырауға қосымша мұз айдыны қажет деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Соңғы жылдары Атырауда қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытатындардың қатары өскен. Соның ішінде мұз үстіндегі спортпен айналысушылардың саны артып, шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудың қатарына кёрлинг қосылған. Бұл туралы коммуникациялар қызметі хабарлады.Жуықта аймақ басшылары, федерациялардың, спорт мектептерінің басшылары мен спорт жанашырлары қатысқан жиын өтті.
«Қазір шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанау дамып жатыр. Оның үстіне көпшіліктің қызығушылығының арқасында бұрын-соңды өңірде болмаған спорт түрі кёрлинг қосылды. Бұдан бөлек парахоккейге қызығушылық танытып отырғандар да бар. Алайда, Атырауда мұз айдыны жалғыз. Бәрі бір уақытта, бірдей дайындалу қиынға соғады. Оның үстіне қолданыстағы мұз айдыны жаңа стандарттарға сәйкес келмейді. Сол себепті қосымша мұз айдыны қажет», — деді кёрлинг федерациясының президенті Айбар Есенғалиев.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, жаттығуға арналған қосымша мұз айдынын салу үшін жер телімі қарастырылған. Алдағы уақытта құрылыс стандарты бекітілгеннен кейін жобалау жұмыстары жүргізілетін болады.Бұдан бөлек жиында спорт саласындағы өзге де мәселелер талқыланды. Қазір Атырауда ескек есу спорты кенжелеп қалған. Оған жауаптылар жаттықтырушылардың жетіспеушілігі себеп деп отыр. Сондай-ақ, балаларға арналған спорт мектептерінің қазіргі жағдайы талқыға түсті. Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста 26 жаңа спорт кешені салынбақ.
«Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында облыс бойынша 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Оның ішінде 9-ы қалада, 22-і ауылда. Өткен жылдың аяғында 14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дербес мекеме ретінде өз алдына спорттық базамен жабдықталып, құрылды. Нәтижесінде облыс бойынша спорт мектептерінде шұғылданушы балалар саны 2500-ге көбейіп, 18000 балалар мен жасөспірімдер жүйелі түрде спортпен тегін шұғылдануда. Болашағынан үміт күттіретін 370 спортшы Олимпиадалық резервті даярлау орталығында бөлек бапталуда. Олимпиадалық 11 спорт түрінен бөлімшелер жұмыс жасайды»,— деді Нұржауған Төлеуова.
Фото өңірлік коммуникациялар қызметінен